Құрмет көрсету және Отан сарбаздары
Отан дегеніміз – халық. Халық дегеніміз – адам. Адамзатты сүю – оған жақсылық жасау. Ендеше отаншылдық – сонау ерте заманнан қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім.
Патриоттық тәрбие ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып жас өскіннің ішкі жан дүниесі, ой-санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек.
Патриоттық сезімнің адамзатты өрге бастайтынына өз ұлтымыздың тарихынан талай дәлел келтіруге болады. Ұлан-байтақ жер көлеміне бірнеше шағын мемлекетті сыйғызып жіберуге болатын қазақ жерін ата-бабаларымыз қалай ғана «найзаның ұшымен, білектің күшімен» ұлтарақтай жерін де жауға иелік еткізбей сақтап қалғанына таңданамыз.
Бұрын-соңды даму үрдісінде отансүйгіштік ұғымы, негізінен, біртекті халықтың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыруға қызмет етіп келгені белгілі.
Сонау Жәнібек пен Керей, Тәуекел мен Тәуке, Есім мен Қасым, Абылай мен Әбілқайырдың тұсындағы жағдай да осындай болатын. Қазіргі қоғамдағы елдік мақсаттар көпұлтты қоғам жағдайында шешілуі керек. Түрлі себептермен қалыптасқан нақты тарихи шындықтарға әділдік тұрғысынан қарау керек. Әділдік қана қиыннан жол табуға бағыт сілтейді.
Кеңес дәуірінде де патриотизмге ерекше ден қойылды, алайда онда ұлттық патриотиз еш ескерілмеді. Қазіргі жағдай басқа. Еліміз өз тәуелсіздігін алған кезде еліміздің мәңгілік ел болуына кепіл болатын бірден-бір қасиет патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қою ертеңге сілтейтін жағдай емес. Зерделеп қарар болсақ, патриотизмге тәрбиелеуде сүйенетін негізгі ұғымдар: «ұлттық патриотизм» және «қазақстандық патриотизм». Осы екі ұғымды жас ұрпақ санасына сіңіре отырып, сол арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, туған халқы туралы нақты түсінік қалыптастыру – отбасында ата-ана мен мектепте мұғалімдердің басты міндеті. Түрлі еңбектерге сүйене отырып осы екі ұғымның маңызын ашып көрсету – жас буындарды тәрбиелеуде бүгінгі күннің кезек күттірмейтін қажеттілігі.
Қаһарман жазушы Б. Момышұлы «ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқымен қан жағынан және шыққан тегі , территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері қалыптасқан, тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты» дейді.
Бұдан шығатын тұжырым: Б. Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патритизмнің критерийі болып шығады. Жас мемлекетіміздің болашақ тіректерін патриотизмге тәрбиелеуде, міне, осы негізгі ұғымдар басшылыққа алынғаны жөн тәрізді. Б. Момышұлы айтып отырған белгілер – тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру, патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру, мінез-құлқына патриоттық сипат беру – мектептегі оқу-тәрбие ісінің өзегі болуы керек. Бұл – оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан бастама алып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасын табуы тиіс.
Бабадан қалған кең байтақ жерімізде өмір сүріп отырған барша халық «Тәуелсіз Қазақстан» деген жас мемлекетке бірікті. Ендеше, олардың мүдде, мақсаты, күнкөріс жағдайлары бір бағытты ұстануы керек. Осының өзі «қазақстандық париотизм» ұғымын қалыптастыру мақсатын қояды.
Ал қазақстандық патриотизмнің арқауы – қазақ мемлекетіне деген сүйіспеншілік, ұлтына сенімі, нанымы, саяси көзқарасы, т.б. қарамастан, әрбір қазақстандық өзі өмір сүріп, күн көріп отырған мемлекетін «Отаным» деп тануы, оның негізін салып отырған қазақ ұлтына сыйластық, оның заңдарына бас ию, рәміздеріне құрмет, ел жетістігіне сүйсіну және мақтану, кемшіліктерін болдырмаудың жолын қарастыру қазақстандық патриотизмнің белгілері. Оның туындап, қалыптасып, тәлім-тәрбие айналымына енуі тағы да ата-ана мен ұстаздарға тікелей қатысты. Бұл өз ретінде жас буындарға құр сөзбен емес, «Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспарыды бекіту туралы ҚР Үкіметінің қаулысында» (2012 ж. 29 маусым №873) көрсетілгендей алдарына нақты мысалдарды келтіру арқылы өнеге көрсетілуі қажет.
Туған халқымыздың өткеніне көз жіберсек, патриотизмнің керемет үлгілерін көреміз. Бүгінгі егемен ел болып, еңсеміздің биік болуы – бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігінің арқасы. Жоңғар шапқыншылығы мен берідегі ұлт азаттық көтерілісті алып қарасақ, ондағы батырлардың ешқайсысы бүгінгідей патриотизмге тәрбиелеу тезіне салынбаған. Бірақ елін, жерін, Отанын қорғауда жаны мен тәнін аяп қалмаған. Осындай тарихи тәжірибеден сол кездегі отбасы тәрбиесіндегі отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл-аймақ ықпалының күшті болғанын көреміз. Демек, бұл қасиетті сезімнің қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалын елемей қоюға болмайтынын ерекше ескеріп, тәрбие саласындағы жұмыс барысында ата-ананың да отансүйгіштік рухын көтеріп отырған абзал.
Өткенін білмеген халқының қадірін білмейді, халық нені бастан кешіргенін, бүгінгісіне қалай қол жеткізгенін, өз тарихын жасау үшін қалай тер төгіп, қандай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, азап шеккендігін, қалайша жерін қорғап, елін сақтағанын балаға мектепке бармай тұрып санасына түрлі тәсілдермен сіңіре берсек, ұтарымыз мол болар еді.
Патриотизм үлгісі, бергісі, кешегі 1986 жылғы әлемді дүр сілкіндірген қасіретті желтоқсан оқиғасы, арғысы, сонау Орхон жазба ескерткіштерінде жазылып қалдырылған Білге мен Күлтегін істері мен қазақ даласының ойшылдары Әбу-Насыр әл-Фараби, Хас Хажиб Баласағұн, Махмұд Қашқари, жыршы-жыраулар Асан қайғы, Доспамбет, Бұқар жыраулар, Махамбет, т.б. шығармаларында айқын көрінеді.
Өз ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбайұлы шығармаларынан да байқауға болады. Абай өз қызметін халық алдындағы борышым деп түсінеді. Оның шығармалары қазақ тағдырына деген, оның бостандық сүйгіш халқының болашағына деген қамқорлықпен айшықталған. Оның патриотизмі туған ел табиғатына, мәдениетіне, тіліне, озық дәстүрлері мен ұлттық мінезінің жақсы жақтарына деген сүйіспеншіліктен көрініс тапты.
Патриоттық тәрбие – Отан түсінігі бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзіне Отан, туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі ұлттық құндылықтар жатады.
Қазақ халқының бертінгі тарихында патриоттық тәрбие жүйесі бірқатар кемшіліктерге бой алдырды. Соның салдарынан жеке адамның отанына, халқына деген сүйіспеншілік негіздерінің бірі боп табылатын патриоттық сезім, ой-сана қуғынға ұшырады. Шығармашылығына патриоттық сезім қуат берген ақын Ж. Молдағалиев:
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жүрегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген...- деп жырлаған. «Мен - қазақпын» деп қаймықпағаны үшін әкімшілік қуғынға ұшырады.
Тағы да тарихқа үңілсек, патриотизм ұғымы XV ғасырдың басында француз халқының ұлттық батыры Жанна д’ Арк ұлтының тәуелсіздігі үшін басқыншылармен күресіп, өз Отанының дербестігін сақтап қалуды көздеген және басқа елдердегі париотизм де осы елдегідей сырттан келген жаулап алушыларға, түрлі басқа да жат пиғылдарға қарсы күрес тұрғысынан сипатталады. Француздар «Әр адамның екі Отаны болады: өзінің Отаны және Франция» дейді екен. Көрдіңіз бе, өздері сүйіп қана қоймай, басқалардың да Францияны құрметтеп қарауына ықпал етуге тырысады.
Қазақ халқында да туған жерді, елді қорғауға үлес қосқан, жанын құрбан еткен айбынды перзенттері аз емес. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Абылай хан, Бөгенбай, Наурызбай, Есет, Қабанбай, Жәнібек, Олжабай, Райымбек, т.б. шықты. Ел басына дүркін-дүркін қара түнек орнаса да ғұн, сақ, қыпшақ, оғыз заманынан бері мәдени мұралар мен патриоттық тәлімді бүгінгі күнге дейін жеткізді. Мәселен, қазақ патриотизмін жоңғар қоңтайшысына Қазыбек би былай сипаттаған: «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің жетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын тумайды! Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар – жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт».
Ата-бабадан қалған асыл мұра – батырлар жыры десек, батырлар жыры – ұлттық тәрбие бесігі. Онда Алпамыс батырдың елін-жерін қоғаудағы ерлігі, Қобыландының ел-жұртына, сүйген жарына деген махаббаты, т.б. үлгі аларлық қасиеттер. Осындай эпостық жырларыды оқыта отырып, мектеп оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды сезіне білу және әрбір жасөспірімнің бойына сіңіру, олардың көзқарасын ұлттық құндылықтарға негіздеп тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл құндылықтарға зат, құбылыстардың ықпалымен ғана емес, сөздің әсерімен де ықпал етуге болады. Себебі аса күрделі сезімдердің қалыптасуына сөздің әсері мол.
Ұлттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік негізінде Алаш Орда қайраткерлері нақты іс атқарып, тарихтың жарқын беттерін жаза алды. Егер М. Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұлттық сананың жаңа бір белесіне шақырса, А. Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін ашып, барша алаш жұртын тәрбиеледі.
Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны - туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар, оның рәмәздері. Олардың адам көкірегінде жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де игі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы болады. Өйткені қару-жарақты қанша меңгергенімен отаншылдық іс-әрекетіне ішкі жан дүниесі, сана-сезімі дайын болмаса, елі мен жері үшін жанкештілікке баруы екіталай. Мұны күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Бүгінгі қазақстан жағдайындағы патриотизмнің басты көрінісі – қазақтың өз ана тілінде сөйлеуі, мемлекеттік тілге деген ерекше құрмет, ұлттық тәрбие, мінез, жүріс-тұрыс қалыптастыру, ізет, қайырым, мейірім, т.б. сезімдерді қалыптастыру. Ол тек қазақтардың ғана өз отанына сүйіспеншілігі емес, онда мекендеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Алайда ешкімді елін, Отанын зорлықпен, күштеп не үгіттеп жел сөзбен алдап-арбап сүйгізе алмайсың. «Қасиетті сезім ана сүтімен бірге келмейді, ол әр түрлі жаста оянып, тәжірибемен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың әсерімен қалыптасады» деп көрсетеді Ә. Қалмырзаев. Ел болу үшін ұлттық рух, Отанға деген ізгі қасиет, мемлекетке деген сенім болу қажет. Кімде-кім халыққа, мемлекетке, оның болашағына сенбесе, өз тағдыры үшін де үрейленеді, өз Отанының жат шылауында кетуінен қауіптенеді. Ондай тұлға Отанының патриоты, батыры бола алмайды. Сондықтан отбасынан бастап, балабақша, мектеп, басқа да оқу орындары мен қоғамдық ортада мемлекетке, оның жарқын болашағына деген сенімді санасына нық орнатуға бала тәрбиесіне жауапты барлық тұлға мүдделі болу қажет.
Сонымен, патриоттық тәрбие – өлшемдер ретінде таңдап алынған, бірнеше бөліктерден тұратын сабақтас сапа. Оған мыналар жатады:
Өзін өз мемлекетінің азаматы ретінде санау;
Мемлекеттік рәміздер мен дәстүрлерді қастерлеу;
Қазақ халқының тарихын бағалайтын қасиет.
Әр ұрпақ өзінен бұрынғы ұрпақтың жалғасы болғанымен, өз дәуіріне өзінше үн қосып, соны соқпақ іздейді. Отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жас өскіннің ішкі жан дүниесі, ой-санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек. Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз...» - деген болатын. Қазақстан – түрлі тарихи аласапыранды басынан өткеріп барып, тәуелсіздікке қол жеткізген, көп ұлтты республика. Сондықтан оның берік болуы патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қоя білуге байланысты болмақ.